Жаңалықтар

ХАЛЫҚ БИЛІКТІҢ ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ ҚАБЫЛДАҒАН ШАРАЛАРЫНЫҢ НӘТИЖЕСІНЕ ДӘН РИЗА

«Батыс-мониторинг» әлеуметтік және маркетингтік зерттеу агенттігінің 2010 жылдың қаңтарында жүргізген әлеуметтік сауалнамасының қорытындысы осындай!

Еліміздің  әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу және талдау жасау дағдарысты экономикалық жағдайдағы Үкімет қызметінің нәтижелілігі мен тиімділігін байқатады. Статистика атқарушы биліктің мемлекеттің қаржы-экономикалық жағдайындағы келеңсіз үрдістердің тереңдеуіне қарсы тұру мүмкіндігінің бар екендігін көрнекі түрде көрсетіп берді. Сонымен қатар қоғам өмірі деңгейінің шынайы өлшемдері, дағдарысқа қарсы қолданылып отырған шаралар туралы оның ашық пікірі, азаматтардың әлеуметтік ахуалына әсер ету дәрежесі көрініп тұр. Үкімет және жергілікті билік органдары әлемдік қаржы дағдарысы басталғалы бері оның салдарларын жұмсарту үшін қолданып отырған іс-шараларының тиімділігін, пәрменділігін халықтың бағалауы дағдарысқа қарсы басқару жағдайларындағы атқарушы биліктің тиімді қызметі жүйесінің тепе-теңдігін көрсетеді.
Ақтөбе облысындағы билік қолданып отырған дағдарысқа қарсы шараларды қоғамдық қабылдау деңгейі мен сипатын анықтау мақсатында биылғы жылғы қаңтарда облыс тұрғындары арасында «Батыс-мониторинг» әлеуметтік және маркетингтік зерттеу агенттігі әлеуметтік сауалнама жүргізді. Жүргізілген сауалнама нәтижелері ақтөбеліктердің еліміздегі және өз өміріндегі жағдайды қалай бағалайтынын анықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ облыста қолданылып отырған дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігі мен пәрменділігін анықтау, дағдарыс кезінде қандай ахуал стратегиясының қажет екенін, сондай-ақ биліктің дағдарысқа қарсы қызметін жұртшылықтың бағалау деңгейін білу мүмкіндігі туды. Жеке сұхбат әдісімен 500 респонденттен сауалнама алынды.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың Қазақстанға ықпалы туралы облыс тұрғындарының пікірлері былайша бөлінді: Өңір бойынша тұтас сұралған респонденттердің 18,2%-ының пікірінше, дағдарыс біздің елімізге белгілі бір деңгейде әсерін тигізуде. Сонымен қатар сұрау салынғандардың 57,4%-ы дағдарыс басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанға онша әсер етіп отырған жоқ деп есептейді. Респонденттердің 12,2%-ы қаржы дағдарысы бізге де басқа елдердегі сияқты әсер етті деп ойлайды. Қазіргі жағдайды жабырқау түрде бағалап, басқа елдермен салыстырғанда Қазақстандағы дағдарыс терең деп есептейтіндер саны көп емес – 4,8%. Сұралған азаматтардың қалған 7,4%-ы бұл сұраққа жауап бере алмады.
«Дағдарыс» деген сөздің өзі адамдардың алаңдаушылығын және түрлі қарама-қайшылық ахуалын туғызуға бейім. Сауалнама нәтижелері осы ақиқатты дәлелдеп отыр. Сұралған облыс тұрғындарының көпшілігі экономикалық дағдарысқа байланысты белгілі бір алаңдаушылықты басынан өткеріп отыр. Облыс бойынша тұтас алғанда сұралған респонденттердің 24%-ы дағдарыс әсеріне алаңдайды. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының арасында экономикалық дағдарысқа барынша қобалжуды сезініп отырғандар – облыс орталығы тұрғындарының 12%-ы. Аудандар орталықтарында осындай көңіл күй кешіп отырғандар саны — орташа есеппен 8%, ал ауылдарда – 4%. Облыстың сұрау салынған тұрғындарының 46%-ын бұл проблема алаңдатпайды деуге болады, олардың арасында ауыл тұрғындарының саны басымдау. Облыс тұрғындарының небәрі 13%-ын дағдарыс мүлде алаңдатпайды. Сұралған респонденттердің 17%-ы осы проблемаға өз көзқарасын білдіре алмады.
Сұралған респонденттердің 64,6%-ның жартысынан көбі дағдарыс материалдық жағдайыма ерекше әсер еткен жоқ деп көрсетті. Азаматтардың 18%-ының материалдық жағдайында жақсарулар болған. Жалпы алғанда облыс тұрғындарының көпшілігінің материалдық жағдайы жыл бойына еш өзгеріссіз, бірқалыпты.
Респонденттердің пікірі бойынша Қазақстанда жаһандық қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты мынадай келеңсіз құбылыстар болуы мүмкін:
Өндірістің құлдырауы (22%)
Жұмыссыздықтың өсуі,  кадрлардың қысқаруы, жұмыстан босауы (15%)
Инфляция, баға өсуі (22%)
Тұрғындардың тұрмыс  деңгейінің төмендеуі  (13%)
Тауарлар әкелудің қысқаруы (32%)
Тауарлар әкелудің көбеюі (23%)
Тауарлар әкетудің қысқаруы (14%)
Тауарлар әкетудің көбеюі (6%)
Биліктің ауысуы (4%)
Ештеңе өзгермейді (24%)

Көңіл күйі жабырқау адамдарға қарағанда жағымды жаңалықтар күтетіндердің көп болуы оң әсер қалдырады. Қазіргі жағдай қалай дамиды деген сұраққа респонденттердің басым көпшілігі — 58,2%-ы жақсарады деп жауап берген. Сұралған азаматтардың 5,2%-ы жағдайдың төмендеуін күтеді. Сұралғандардың көпшілігі ешқандай өзгерістерді сезбейді, ештеңе өзгермейді деп есептейді (19,6%) немесе жағдайдың дамуын болжай алмайды (17%).
Сондай-ақ пессимистік көңіл күйдегі адамдарға қарағанда тұрақты әлеуметтік оптимизмге ие адамдар саны көбірек: 23%-ға қарсы 58%. Өңірдегі қазіргі жағдайға төзуге болады, жақсылық күтеміз деп есептейтіндер саны – 1,6%. 17,4%-ы қазіргі жағдайды қолайлы деп есептейді.
Әлеуметтік пессимизм сияқты әлеуметтік оптимизм де көрініс береді. Егер оптимистер соңғы 2-3 жылда отбасында  және өздері тұратын жерде, тұтас Қазақстан бойынша жағдайдың жақсарғанын атап көрсетсе, пессимистер барлық жердегі жағдай нашар дегенді айтады.
Азаматтардың осы екі бөлігі де негізінен өзара ұқсас. Екі топтың құрамында да зейнеткерлердің (екінші орында – білікті жұмысшылар, үшінші орында – жоғары білімі жоқ қызметшілер) үлес салмағы басым, ер адамдарға қарағанда әйелдер саны көбірек, арнаулы орта білімі бар адамдар басым, негізгі жұмыс саласы – сауда. Екі топ та ең маңызды проблема тауарлар мен қызметтер бағасының жоғары екендігін айтады. Сондай-ақ екеуі де инвестициялар тарту және кәсіпкерлерді қолдау сияқты әрекеттерге бірдей бейжайлық танытады. Екі  топта да жұмыссыздар салмағы аз – пессимистер арасында 6,9%, оптимистер арасында 4,5%  және үй шаруасындағылар саны бірдей дерлік (тиісінше 3,5% және 3,3%).
Тұтас алғанда оптимистер жас – осы топтағы 18-24 жастағылар саны — 57% және  40-49 жастағылар – 44% (пессимистер арасында 50 жастан асқандар — 12%, қалған жастағылар саны бірдей деуге болады). Пессимистер арасында жоғары білімді адамдар көбірек – 26,9%, толық емес орта білімі барлар аздау – 10,3% (тиісінше оптимистерде 21,7%-ға қарсы 15,6%). Пессимистердің елеулі бөлігі өнеркәсіп өндірісінде жұмыс істейді – 10,6% (оптимистер арасында – 5,5% ғана), оптимистердің елеулі бөлігі – студенттер – 11,4% (пессимистер арасында  – 6,4% ғана).
Тауарлар мен қызметтер бағаларының жоғарылығы, инфляцияны бірінші кезектегі проблема ретінде бірауыздан атап көрсеткен оптимистер мен пессимистер қалған позицияларды әртүрлі бөледі. Мәселен, алғашқылар үшін мәні бойынша келесі болып тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, үшінші — кірістердің төменгі деңгейі болып табылады. Ал пессимистер үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшінші орында, ал екінші орында жұмыссыздық тұр. Екінші жағынан бұл топты қылмыстық жағдай және өнеркәсіптің дамуы мүлде алаңдатпайды. Оптимистер электр қуатына, тарифтердің және  демалысты ұйымдастыру бағаларының өсуін елеулі проблема деп санамайды.
Екі топтың арасындағы айырмашылық отбасындағы жағдайды қабылдаудан туындайды. Бұл сала — әрбір адамға ең жақын және түсінікті жағдай. Бұл орайда сыртқы әсерлердің (БАҚ, насихат, стереотиптер) қатысы жоқ. Сауалнама нәтижесінен көрінгендей пессимистер үшін отбасындағы жағдай күрделі – 14,7%, олар дағдарысты деп атап көрсетті (45% — төзуге болады). Сонымен қатар 7,9% үшін соңғы 2-3 жылда ол нашарлап кеткен, ал респонденттердің 5,8%-ы одан әрі нашарлайтынына сенімді. Оптимистердің жағдайы бұған қарама-қарсы. Олардың 38,9%-ы отбасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қолайлы деп есептейді (52,8% — төзуге болады), 49% үшін соңғы 2-3 жылда жағдай жақсарды, респонденттердің басым көпшілігі 81,4%-ы одан әрі жақсаруды күтеді. Мониторинг мәліметтері көрсеткендей, бұл сезім (былайша айтқанда: бақыт немесе бақытсыздық) отбасының кіріс деңгейіне, жұмыспен қамтылу, білім және басқа шынайы өлшемдерге онша тәуелді емес.
Еліміздің тұрғындары бұрынғыша келешекке оптимистік көзқараспен қарайды. Қоғамдық пікірді сараптау нәтижелері көрсеткендей, экономикалық проблемалар Президентіміз Н.Назарбаевтың саясатының дұрыстығын дәлелдеді. Азаматтардың басым көпшілігі еліміз дұрыс жолмен алға жылжып келеді деп есептейді. Қоғамдық пікірді сұрау нәтижелері Елбасы саясатын және оның дағдарысқа қарсы шараларын қолдайтынын көрсетіп берді.
БАҚ қоғамдық пікірді қалыптастыруда қуатты құрал болып табылатындықтан, сауалнама барысында респонденттерге «БАҚ-тан алатын Қазақстандағы қаржы-экономикалық дағдарыс жөніндегі ақпаратты қалай бағалар едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Алынған мәліметтер көрсеткендей, сұралған адамдардың 9,7%-ы БАҚ экономикалық дағдарысты жеткілікті түрде ашып көрсетпейді және толық жарыққа шығармайды деп есептейді. Олардың пікірінше, бұқаралық ақпарат құралдары көлемді дағдарыстық құбылыстар туралы ақпарат бермейді немесе аз айтады. Сұралған азаматтардың 69,8%-ы бұқаралық ақпарат құралдарының экономикалық дағдарысқа байланысты проблемаларды шынайы көрсететініне күмәнданбайды. Респонденттердің 12,9%-ы БАҚ дағдарыстық құбылыстар салдарын жиі ұлғайтып көрсетеді деп есептейді. Сұралған азаматтардың 7,6%-ы жауап беруге қиналды немесе БАҚ-тан ақпарат алмайды (теледидар қарамайды, радио тыңдамайды, газеттерді оқымайды).
1 – сурет.
Облыс тұрғындарының БАҚ-тан алатын экономикалық дағдарыс туралы ақпараттарды бағалауы

Зерттеу барысында респонденттерге: «Үкіметтің экономикалық дағдарысқа қарсы күресі жөніндегі жоспары туралы естідіңіз бе?» — деген ашық сұрақ қойылды. Сонымен қатар дағдарысқа қарсы тұру үшін не істеу қажеттігін өздері айтуға ұсыныс жасалды. Сұралған азаматтардың 6,3%-ы Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары туралы ештеңе білмейді немесе «бір нәрсе естіген сияқты, бірақ есінде жоқ» екендігін айтты. Кейбірі «Жол картасын» атап көрсетті, бірақ ол бойынша қандай жұмыстар істеу қажеттігін білмейді. «Еш нәрсе істеліп жатқан жоқ, бәрі бос сөз», — деген жауаптар да болды. Қалған 74%-ы дағдарысқа қарсы Үкімет жасап жатқан мынадай іс-шараларды дұрыс атап көрсетті:

Жұмыссыздарды қолдау, жұмыс орындарын ашу
Ауыл шаруашылығын қолдау және қалпына келтіру
Банк жүйесін қолдау
Ипотекалық несие бойынша көмек
Орта және шағын бизнесті қолдау
Әлеуметтік саясат, әлеуметтік бағдарламалардың өсуі
Зейнетақы, еңбекақы, шәкіртақының өсуі
Теңгенің тұрақтануы, бағаны ауыздықтау
Су құбырлары желісі мен кәріз құбыларын жөндеу
Жолдарды жөндеу
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу
Қарапайым «Жол картасы»

Тұрғындардың басым көпшілігі (шамамен 80%-ы) «Жол картасы» бағдарламасы жөнінде біледі немесе одан хабары бар.
«Бұл жоспар дағдарысқа қарсы күрес талаптарына сәйкес келе ме, ол табысты бола  ма, жоқ па?» деген сұраққа мынадай жауаптар алынды:
Тұрғындардың 61,6%-ның пікірінше, дағдарысқа қарсы шаралар жоспары өте тиімді және жақын күндері оның нәтижесі белгілі болады.
Респонденттердің 20,8%-ы дағдарысқа қарсы шаралар жоспары түбінде нәтижелі болады, бірақ әзір емес дегенді айтады. Жүргізіліп отырған дағдарысқа қарсы саясатқа көңілі толмағандар үлесі елеусіз. Жауап берген азаматтардың 5,2%-ы ғана дағдарысқа қарсы жоспардан пайда жоқ деп есептейді. Респонденттердің 12,4%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналды.
Азаматтардың Үкіметтің дағдарысқа қарсы Бағдарламасына көзқарасын анықтау үшін: «Үкімет экономикалық дағдарысқа байланысты бірқатар шешім қабылдады. Осылардың қайсысы дағдарысқа қарсы күреске тиімді ықпал ете алады деп ойлайсыз?» — деген сұрақ қойылған болатын. Жауаптар мынадай болды:

Әлеуметтік төлемдер, зейнетақылар және бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысы мөлшерінің ұлғаюы
Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру
Үлестік құрылысты қолдау
Халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және толық емес жұмыс тәртібі бойынша жұмыс істейтін, босатылған қызметшілерді, түлектерді және еңбекке қабілетті жастағы оралмандарды қайта даярлау
шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеу
Өндірісте және қызмет көрсету саласына жаңа салық кодексін енгізу
Агроөнеркәсіп саласын дамыту
ТКШ (сумен жабдықтау және кәріз, жылумен және электрмен жабдықтау) жүйесін қайта жарақтандыру  және дамыту
Мектеп, аурухана және басқа әлеуметтік объектілерді жөндеу және жылыту
Жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу, қайта жарақтандыру және салу
Қала, поселке және ауылдардағы әлеуметтік жобалар

Сонымен қатар сауалнама барысында респонденттер экономикалық дағдарысқа қарсы тұру үшін Үкімет қабылдауға тиіс шараларға қатысты өз кеңестері мен тілектерін білдірді. Айтылған жауаптарды талдау нәтижесінде қоғам дағдарыстан шығудың мынадай жолдарын көрсетті:

Өндірісті, ел экономикасын қолдау
Жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты төмендету
Жемқорлықпен күрес
Ауыл шаруашылығын қалпына келтіру
Мемлекет экономиканы, бағаны  реттеуі тиіс, ұлттық экономиканы да құруы керек
Халқы туралы көп ойласын, өз халқын жақсы көрсін
Зейнетақы, еңбекақы төлемдерін көбейту
Инфляциямен, баға өсімімен күрес
Әділ болу, берген уәдесін орындау, ісі мен сөзі қабысуы керек
Ақшаны үнемдеу, бей-берекет шығыстарға, мерекелік шараларға, қымбат құрылыстарға жұмсамау
Шағын бизнесті, шағын кәсіпорынды қолдау
Мұқтаждарға көмектесу, қайыршылықпен, қаңғыбастықпен күресу
Шетелдік жұмыс күшінің санын қысқарту
Жастарға көңіл бөлу, тегін білім беру
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы
Жұмыссыздарға өз ісін ұйымдастыруға қаржылай көмек көрсету
Жұмыссыздар үшін кеңес беру орындары жұмысын, «тікелей желілер» ұйымдастыру
Жоғары оқу орындарында банк несиелері бойынша білім алып жатқан студенттерге субсидиялар беру
Жұмысын жоғалтқан адамдар үшін ипотекалық кредиттерді қайта рәсімдеу
Өнеркәсіп өнімдерінің экспортын мемлекеттік қолдау
Шағын компанияларды әкімшілік және салықтық тексерулер санын шектеу
Бұрын қолданыста болған автокөліктерді әкелуге кедендік баж салықтарын көтеру
Коммерциялық банктерге мемлекеттік несиелер беру

Сауалнама барысында облыс азаматтарының көпшілігінің Мемлекет Басшысының халыққа үндеуінде елдің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз ету үшін саясатты жаңғырту және экономикалық стратегияны жүзеге асыру  бағдарламасын білетіндігі анықталды. Оның ішінде қала тұрғындарының ауыл тұрғындарынан сәл көбірек білетіндігі белгілі болды. (Ақтөбе қаласында — 86% және аудандар бойынша — 81%). Аудандар арасында тұрғындардың ақпараттануы бірдей деуге болады. Жалпы, аудандар бойынша  сауалнамаға жауап берген тұрғындар бірауыздан Мемлекет Басшысының 2010 жылғы 29 қаңтардағы Қазақстан халқына кезекті Жолдауын білетіндіктерін айтты. Халық саясат туралы аз білсе де, Елбасының жыл сайынғы Жолдауы туралы жақсы білетіндігін көрсетті. Әсіресе, бұл Жолдау дағдарыс ықпалын  сезініп отырған Қазақстан қоғамының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр.
БАҚ-дағы халық үшін ең басты ақпарат көзі: теледидар (62%), газеттер (32%), радио (4%) және журналдар (2%). Ғаламтор ақпарат көзі ретінде респонденттердің тек 38%-ы үшін қолжетімді. Әкімдіктердің (аудандық, ауылдық және қалалық) ақпараттық-насихат және лекторлық топтарын респонденттердің  42%-ы көрсетті. Басқа да ақпарат көздеріне (1%) достары, тума-туыстары мен көршілері кіреді. Респонденттердің 4%-ы жауап беруге  қиналды. Оның ішінде Елбасының жыл сайынғы Жолдауының жариялануы теледидар және ғаламтор жүйесі арқылы берілуі үлкен рөл атқарды. Сонымен қатар Елбасының тікелей желіден сөйлеген сөзі жұмыс уақытында болғандықтан, оны жұмысшылар ұжымы, студенттер аудиториясы да тыңдады.
«Сіз 2010 жылғы 29 қаңтардағы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауының мазмұнымен таныссыз ба?» — деген сұраққа тұрғындар бұл құжатқа жоғарғы қызығушылық танытқаны туралы жауап алынды. Сауалнамаға жауап берген әрбір алтыншы респондент (66%) Жолдаудың мазмұнын жақсы біледі. Респонденттердің 20%-ының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы туралы жалпы түсінігі бар. Жауаптарға жасалған талдау көрсеткендей, Ақтөбе облысының тұрғындары Елбасының Жолдауы туралы ақпараттану дәрежесі олардың әлеуметтік жағдайына байланысты екендігін көрсетті. Респонденттердің ұлты, жасы, жынысы жауаптарға әсер еткен жоқ. Елбасының Жолдауымен мемлекеттік қызметкерлер, медицина, білім қызметкерлерінің бір бөлігі, студенттер таныс. Қызмет етушілер, фермерлер, кәсіпкерлер, медицина, білім қызметкерлерінің бір бөлігі, ауыл шаруашылығында жұмыс жасайтындар тек Жолдаудың жалпы мазмұнын біледі, онымен толық таныс емес.

2-сурет.

«Президент өзінің Жолдауында қандай негізгі идеяларды айтты?» деген ашық сұраққа берілген жауаптарды талдау төмендегідей жайды көрсетті. Жауаптардың арасынан жиі көтерілген мынадай идеяларды атап өтуге болады:
Ел экономикасын дағдарыстан кейінгі дамуға дайындау;
Жедел индустрияландыру мен инфрақұрылымды дамыту есебінен тұрақты өсуге жету;
Адам капиталының бәсекелестігін көтеру;
Қолайлы инвестициялық ахуал туғызу;
Саяси жүйені жаңғырту;
Инновацияларды белсенді түрде енгізу;
Денсаулық сақтау, білім жүйелерін реформалау;
Әлеуметтік саясат;
Жеңістің 65 жылдығын лайықты мерекелеу;
Қоғамдағы тұрақтылық пен тәртіп;
Бірлік, халықты жұмылдыру;
Бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 1 сәуірден бастап көтеру.

Жолдаудың респонденттер атап өткен негізгі идеялары аталмыш құжаттың мазмұнын толық көрсететіндігін атап өту керек. Шынында да, Президент өзінің Жолдауында еліміз халқының басым бөлігінің күнделікті проблемаларын қозғайтын осы мәселелерге назар аударған болатын. Халықтың Жолдауды естіп, оның жекелеген жерлерін толық болмағанымен жартылай да болса, есте сақтауы  Елбасы көтеріп отырған проблемалардың өзектілігін, маңызы мен қажеттілігін көрсетеді. Сұралған азаматтардың жауаптары Елбасының айтқандарын халықтың дұрыс түсінгендігін, азаматтардың басым бөлігінің санасына жеткендігін, сондай-ақ олар тарапынан түсіністік пен қолдауға ие болғандығын айғақтайды.
«Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдаудың мазмұнды бөлімінде мемлекеттік  органдардың алдына қойған міндеттері шешіле ме?» деген сұраққа жауаптар да оң сипатта болды. Сұралған  азаматтардың 52%-ы «міндеттер орындалады» деп нық сеніммен жауап берсе, 20%-ы «белгіленген міндеттердің жартысынан көбі орындалады» деп жауап берді. Оңды жауаптардың жалпы саны сенімсіздікпен қарайтын азаматтардың бағаларынан үш есе дерлік артық болды.(72%-ға қарсы 20%).
Алға қойылған міндеттердің дұрыстығына және олардың орындалуына сенім білдіргендер пайызының жоғары болуы Жолдауда көтерілген проблемалар мен міндеттердің дұрыс екендігін көрсетеді.

3-сурет.

Облыстың барлық өңірлерінде де қойылған міндеттердің орындалуына оң көзқарас білдіріліп, сонымен бірге олардың жүзеге асатынына сенімділік басым болды. Зерттеу барысында Жолдауда қойылған міндеттердің тиімділігіне баға беруде қандай да болмасын принципті түрде қарама-қайшылық болған жоқ. Аудандардағы ауыл тұрғындары да Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы барлық шаралардың дұрыстығы мен қажеттілігіне берік сеніммен қарап, жағдайды түсінетіндіктерін білдірді.
Халықтың көп бөлігінің елдің Президенті Н.Назарбаевтың жыл сайын халыққа Жолдау арнайтындығын білетіндігі ескеріле отырып, респонденттерге  «Елбасының жыл сайынғы Жолдауларының орындалуының оңды нәтижелерін сезінесіздер ме?» деген сұрақ қойылды. Сұралған респонденттердің 82%-ы бұл сұраққа оңды жауап берді, соның ішінде 62%-ы жыл сайынғы Жолдаулардың орындалу нәтижелерін толығынан сезінсе, 20%-дан астамы толық емес дәрежеде сезінген. Сауал қойылған респонденттердің 12%-ы жыл сайынға Жолдаулардың жүзеге асу нәтижесіне төмендеу баға берді. Олардың пікірінше, бүгінге дейін елеулі нәтижелер болмай отыр. Сауал қою нәтижелерінің мұндай деректерін, бір жағынан алғанда кейбіреулердің Елбасының бұрынғы Жолдауларының негізгі қағидаларын білмегендіктен және олардың қоғамның өміріндегі үлкен маңызына көңіл аудармағандығынан деп есептеуге болады. Сондықтан осындай сенімсіздік тууы мүмкін. Басқа жағынан, дағдарыс жағдайында жүргізіліп отырған саясатты сыни көзқараспен қабылдау фактілері кездеседі. Мұның өзі жыл сайынғы Жолдаулардың орындалу нәтижесін төмендетуге әсер етеді.
Жалпы алғанда, өткен жыл сияқты биылғы жылы Жолдау тұрғындар тарапынан қолдау мен оңды сұранысқа ие болды: Жолдауда қойылған міндеттердің өзекті екендігін Ақтөбе облысы халқының 80%-ы атап көрсетті. Бұл жыл сайынғы Жолдаулардың жүзеге асырылу нәтижелерінің оңды екендігін дәлелдейді.

4 сурет

Жыл сайынғы Жолдаулардың Ақтөбе облысындағы орындалуының оң нәтижелері туралы жауаптарды талдау былайша сипатталады:
Ауылдарды, қалаларды көріктендіру (35%);
Жарық, газ және су келуін тұрақты жүзеге асыру (24%);
Халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қорғау (44%);
Көліктің тоқтаусыз жұмыс істеуі ( 20%);
Қызмет саласын жақсарту және кеңейту (15%);
Ауылдар мен шағын қалалардың көркеюіне жағдай туғызу (15%);
Мәдени демалыс жағдайын жақсарту (14%);
Халықты жұмыспен қамту проблемаларын шешу (41%);
Авариялық қызметтердің жұмысы (7%).

5-сурет.

Сауалға қатысушылардың көпшілігінің пікірі бойынша (64%/) Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауы Қазақстанның дамуына зор серпін береді. Ақтөбе облысы халқының 25%-ы биылғы Жолдау белгілі бір ықпал жасайды, бірақ бәрі де жергілікті жердегі жұмысқа байланысты деп есептейді. Респонденттердің 6%-ның көңіл күйі сәл-пәл төмендеу, олар Жолдау қабылданып жүзеге асырылғанымен үлкен өзгерістер бола қоймайды деп есептейді. Сұралған респонденттердің 1%-ы «басқаша» деп жауап берген. Қатысушылардың 4%-ы жауап беруге қиналған.
Сайып келгенде, Ақтөбе облысы халқының басым көпшілігі Жолдау Қазақстанның дамуына қуатты серпін береді, бірақ бәрі де жергілікті жердегі жұмыстарға байланысты деп есептейді.
Елбасының халыққа тікелей сөз арнауының өзекті де тиімді екендігін ақтөбеліктер тарапынан айтылған көптеген пікірлер, талдаулар, баға берулер және басқа да пікір алысулар дәлелдеп отыр. Бизнес-құрылымдардың өкілдері, зейнеткерлер, үкіметтік емес ұйымдар белсенділері, студенттер, педагогтар, дәрігерлер, ауыл тұрғындары, өңірде тұратын белгілі де беделді адамдар бұқаралық ақпарат құралдарында Елбасының кезекті Жолдауына байланысты өздерінің ой-толғамдары мен пікірлерін және ұсыныстарын ортаға салуда. Мұның өзі Елбасы Жолдауының халыққа тиімділігін көрсетсе керек.

Қорытындылар:

Алынған мәліметтер ақтөбеліктердің әлеуметтік көңіл күйінің дағдарысқа байланысты үлкен өзгерістерге түспегендігін көрсетеді. Сауалға байланысты деректер бұрын байқалған қоғамдық көңіл күйдің жақсаруының күшейе түскендігін көрсетеді. Дағдарыстың сабақтары туралы айтқанда, оның экономиканың даму қарқынына әсер еткендігін, бірақ қоғамның дамуын тоқтата алмағандығын атап өтуге болады.

Сауалнама нәтижелері Ақтөбе облысы тұрғындарының Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары туралы біледі және олар оның тиімділігін қалай бағалайды, біздің азаматтардың ойы бойынша қандай шаралар нәтижелі болмақ және олар Үкіметке дағдарысты еңсеру үшін қандай кеңестер бере алатындығын сипаттап берді. Тұрғындардың 74%-ының Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы жөнінен хабары бар.

Тұрғындардың 61,6%-ның пікірінше, дағдарысқа қарсы шаралар жоспары өте орынды және жақын күндері оның нәтижесі белгілі болады. Респонденттердің 20,8%-ы дағдарысқа қарсы шаралар жоспары тиімді, бірақ нәтижесі әзір көрінбейді деп есептейді. Жүргізіліп отырған дағдарысқа қарсы саясатқа келеңсіз көңіл күй білдірген азаматтар үлесі елеусіз. Сұралған азаматтардың 5,2%-ы ғана дағдарысқа қарсы жоспар жарамсыз, одан пайда жоқ деп есептейді. Сұралған респонденттердің 12,4%-ы бұл сұраққа жауап беруге қиналды. Қысқа мерзімді перспективадағы дағдарысқа қарсы жоспардың тиімділігіне жас ұрпақ өкілдері мен ауылдық жерлердің тұрғындары үміттенеді. Ұзақ мерзімді перспективада оңды нәтижелердің болуына, негізінен аудан орталықтары мен қала тұрғындары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қызметкерлері үмітті. Ал қабылданған шаралар нәтиже бермейді деген пікірді көбіне-көп облыс орталығының тұрғындары айтады.

Әлеуметтік төлемдердің көлемін, зейнетақыны және бюджет саласының қызметкерлеріне жалақыны көбейту, сондай-ақ ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының ең тиімдісі болып саналады. Одан әрі халықты жұмыспен қамту, еңбекке орналастыру және толық емес жұмыс  кестесімен еңбек етіп жүргендерді, жұмыстан босаған қызметкерлерді, оқу бітірушілер мен еңбек жасындағы оралмандарды қайта даярлау, сондай-ақ «Мемлекеттік тұрғын үй» бағдарламасы және «Жол картасы» аясында алынып жатқан шаралар аталады. Біздің азаматтар үшін шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беру, өндіріс пен қызмет саласында жаңа салық кодексін енгізу онша тиімді деп есептелінбейді. Сонымен бірге сұрау салған азаматтар агроөнеркәсіп секторын дамытуға бағытталған шараларға үлкен үміт артады.

Үкіметке айтылған ең басты кеңестер — өндірісті қолдап, жұмыссыздықпен күресу. Облыс тұрғындары Үкіметке дағдарысқа қарсы ең алдымен өндіріс пен экономиканы және жұмыссыздарды қолдау арқылы күресуге кеңес береді.

Сауалнама нәтижелері атқарушы билік, халықтың пікірінше, аса маңызды проблемаларды, сондай-ақ маңызы төмен бағыттардағы мәселелерді шешуде бірқатар табыстарға жетуде деп қорытынды жасауға мүмкіндіктер береді. Әкімшілік күш-жігерді бөлу әлеуметтік-экономикалық проблемалардың  маңыздылығына сәйкес келеді.

Көңіл күйі жабырқау адамдарға қарағанда жағымды жаңалықтар күтетіндердің көп болуы оң әсер қалдырады. Қазіргі жағдай қалай дамиды деген сұраққа респонденттердің басым көпшілігі — 58,2%-ы жақсарады деп жауап берген. Сұралған азматтардың 5,2%-ы жағдайдың төмендеуін күтеді. Сұралғандардың көпшілігі ешқандай өзгерістерді сезбейді, ештеңе өзгермейді деп есептейді (19,6%) немесе жағдайдың дамуын болжай алмайды (17%). Сондай-ақ пессимистік көңіл күйдегі адамдарға қарағанда тұрақты әлеуметтік оптимизмге ие адамдар саны көбірек  (23%-ға қарсы 58%). Өңірдегі қазіргі жағдайға төзуге болады, жақсылық күтеміз деп есептейтіндер — 1,6%, ал 17,4%-ы қазіргі жағдайды қолайлы деп есептейді.

Объективті қиындықтарға қарамастан ақтөбеліктердің көпшілігі әлеуметтік- экономикалық жағынан оң сипатты баға береді. Айта кетерлік жайт, сұрау салынған респонденттердің көпшілігі қазақтар. Олар өзінің өмір сүру деңгейіне оптимистік көзқараспен қарайды. Олар тек қиын сәтте ғана жағдайын айтуы мүмкін. Сондықтан да сауал барысында өзінің тұрмысына шүкіршілік ету деңгейінің жоғары болуы осыдан болса керек. Орташа баға беру жағдайында қала тұрғындарына қарағанда ауыл халқы өздерінің тұрмыс дәрежесіне жоғарылау баға береді, мұның өзі жалпы ауылдықтардың әлеуметтік көңіл күйі индикаторы болып табылады. Өз өміріне қанағаттану деңгейінің жоғары болуына объективті жағдайлар да ықпал етуде. Экономикалық күйреудің алыс екендігін бәрі де түсінеді. Тұтастай алғанда дағдарыс өзінің өмірінде  бұдан да зор қиындықтарды көрген тұрғындардың көпшілігі үшін ерекше әсер ете қойған жоқ. Сондықтан да әлеуметтік оптимизм мен болашаққа деген сенім жоғары болып отыр.

Қазақстанда дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға қатысты өзекті проблемалар, сондай-ақ Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында көтеріліп жүрген республиканы индустриалды-технологиялық дамыту бағыттары  сауал берілген облыс тұрғындары үшін өте түсінікті. Сауалнама нәтижелері облыс азаматтарының дағдарыстан шығынсыз шығу және өздерінің өмірін жақсарту мәселесін Қазақстан Республикасы Президентінің қызметімен байланыстыратындығын көрсетеді. Сондықтан да Елбасының Жолдауын қазақстандықтар күтіп отырады, оған ерекше назар аударып, болашаққа деген сенімдеріне серік етеді. Осы сауалнаманың нәтижелері Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерге көбірек назар аударылуына үміттенетіндігін көрсетеді. Азаматтар Жолдауда қойылған мақсаттар мен міндеттердің кезең-кезеңмен тұрақты іске асырылуы Қазақстан Республикасының одан әрі дамуының сенімді негізі екендігін жақсы түсінеді. Жолдаудан азаматтар бүгінгі және ертеңгі күнге деген сенімділікті аңғарып, әлемдік қаржы дағдарысы әсерінен пайда болған ішкі үрей мен қорқынышты жоюға бағытталған сөздерді естіді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button